Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтайдың Төрағасынан, оның екі орынбасарынан, мүшелерден және хатшыдан тұрады.
Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлттық құрылтайдың Төрағасы (бұдан әрі – Төраға).
Ұлттық құрылтай Төрағасы:
- Ұлттық құрылтайдың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
- Ұлттық құрылтайдың отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;
- Төрағаның орынбасарларына, Ұлттық құрылтайдың мүшелеріне және хатшысына тапсырма береді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі – Ұлттық құрылтай Төрағасының орынбасары. Ол құрылтай отырыстарының күн тәртібін бекітеді және Төрағаның тапсырмалары бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ұлттық құрылтайдың құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор, бизнес-қауымдастықтар, сарапшылар қоғамдастығы және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қоғамдық кеңестері өкілдерінің қатарынан жасақталады. Ұлттық құрылтайдың құрамы кезең-кезеңмен, оның мүшелеріне ротация жүргізу тәртібімен жаңартылып тұрады.
Ұлттық құрылтайдың мүшелері:
- Ұлттық құрылтайдың жұмыс органына Ұлттық құрылтайдың жұмыс жоспары, оның отырыстарының күн тәртібі және мәселелерді талқылау тәртібі жөнінде ұсыныстар енгізуге;
- Ұлттық құрылтайдың отырыстарына материалдарды дайындауға қатысуға;
- Ұлттық құрылтайдың отырысында қаралатын мәселелерді қоғамда талқылауға және түсіндіруге қатысуға құқылы.
Ұлттық құрылтайдың мүшелері өз өкілеттіктерін басқа адамдарға беруге құқылы емес.
Ұлттық құрылтайдың хатшысы:
- Жекелеген жұмыс түрлерін жүзеге асыру үшін сарапшыларды, ғалымдар мен мамандарды белгіленген тәртіппен тартады;
- Ұлттық құрылтай отырыстарының дайындалуы мен өткізілуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
- Төрағаның және Төраға орынбасарларының тапсырмалары бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.